жүктеу
Жаңалықтар
Ұлттық сараптама орталығы – зертханалық зерттеулер нарығының көшбасшысы
Филиал НЦЭ по Карагандинской области – одна из лучших лабораторий в регионе 06.12.2018

Судың қаншалықты ішуге жарамды екенін тексергіңіз келе ме, немесе оның тазалығына көз жеткізгіңіз келе ме? Әлде ата-ана болып, балалар өнімінің, ойыншықтардың қауіпсіздігіне алаңдайсыз ба? Мүмкін Сіз кәсіпкерсіз және Сізге өндіретін өнімді зерттеу қажет? – Сізге «Ұлттық сараптама орталығына» келу керек.

Ұлттық сараптама орталығы – қоғамдық денсаулық сақтау қызметі болып табылады, ол азаматтардың денсаулығын және өмір сапасын жақсарту, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің әрі қарай дамуы үшін жұмыс жасайды, халықаралық стандарттарға сай келетін сапалы, сұраныстағы қызметтерді көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қарағанды облысы бойынша филиалы 50 жылдан артық тәжірибесі бар басты сынақ орталығы болып табылады, ол Қазақстан Республикасының аккредиттеу жүйесінде «Сынақ калибрлеу зертханаларының құзыреттілігіне қойылатын жалпы талаптар» ИСО/МЭК 17025/2009 МЕМСТ талаптарына сәйкестікке аккредиттелген. Орталықтың зертханалары халықаралық сертификаттаудан өткізілді, біз беретін зерттеу хаттамалары Кедендік одақ пен Еуроодақтың аумағында жарамды болып табылады.

Филиалдың облыстың әр түрлі мекемелері мен тұрғылықты халқы үшін заманауи әрі тиімді зертханалық диагностикалау әдістеріне бірдей қолжетілділігін қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағында зертханалық орталықтарының желісі бар.

Орталықтың құрамында санитариялық-гигиеналық зертхана, паразитология бөлімшесімен бактериологиялық зертхана, вирусологиялық, радиологиялық зертханалары, аса қауіпті жұқпалар зертханасы және дезинфекциялық бөлім қызмет етеді.

Санитариялық-гигиеналық зертхана өзінің тағам гигиенасының бөлімшесінде Кедендік одақтың Техникалық регламентінің шегінде тағам өнімдерінің тәуелсіз сараптамасын жүргізеді, отандық және шетелдік өндірушілердің өнімдерінің сапасыздығын анықтауға көмектеседі, сонымен қатар Сіздің тамақтану рационыңызды есептеп, тәуліктік тағам тұтынуыңыздың калориялылығын анықтауға көмектеседі; үйңіздегі ауыз судың не ыстық судың сапасы ұнама жүрген болса, немесе суға орнатқан фильтрдің тиімділігін тексергіңіз келсе, мүмкін Сіз сатып алған бөтелкедегі судың сапасына күмәндансаңыз – коммуналдық гигиена бөлімшесінің көмегіне жүгініңіз; полимерлік материалдар және басқа химиялық заттар токсикологиясы бөлімшесінің жоғары білікті мамандары мемлекеттік тіркеу куәлігін алу үшін өнімнің сәйкестігін бағалау бойынша зертханалық сынақтар жүргізеді, сондай-ақ тұрмыстық химия препараттарының, парфюмерлік-косметикалық құралдарының, әр түрлі полимерлік, құрылыс материалдарының, балалар ойыншықтарының және балаларға арналған тауарлардың санитариялық-гигиеналық сараптамасын іске асырады. Өсімдік өнімдерін, көкөністер мен жемістер, ет немесе басқа өнім сатып алып, оның құрамында нитраттар мен пестицидтер бар ма екен деп күмәнданып, басыңыз қатты ма? – пестицидтер токсикологиясы бөлімшесі заманауи құрал-жабдық арқасында олардың нақты шоғырлану мөлшері мен рұқсат етілген нормасын анықтап, бұл мәселені оңай шешеді.

Қазіргі заманға сай құралдармен жабдықталған және білікті әрі тәжірибелі мамандармен қамтамасыз етілген бактериологиялық зертхана патологиялық микроағзаларды сәйкестендіреді, оның антибиотиктерге сезімталдығын анықтайды, сөйтіп емдейтін дәрігеріңізге инфекциялық үрдісті емдеудің ең тиімді дәрі-дәрмегін таңдауға көмектеседі. Бұдан басқа зертханада ауа-тамшылық жолмен берілетін жұқпалардың (дифтерия, коклюш, менингит, стафилококк және стрептококк жұқпалары), ішек жұқпаларының (шигеллез, сальмонеллез, эшерихиоз (ішек дисбактериозы), іріңді-септикалық жұқпалардың (жоғарғы тыныс алу мүшелерінен бөлінген қақырық, несеп зарарсыздығы, қан зарарсыздығы, өт, пунктата, көз, құлақ, жарақан іріңі, абсцестер, ана сүті), шигеллез, сальмонеллез, иерсиниоз диагностикалауын жүргізеді, сонымен қатар дифтерияға, сіреспеге, қызылшаға қарсы вакциналық екпе тиімділігіне иммунологиялық бақылау жүргізеді.

Вирусологиялық зертхананың да көрсететін қызметтерінің ауқымы кең, атап айтқанда: менингитке, жартылай сал болуды, ОВП, сал ауруына әкеп соғатын нейротроптық энтеровирустарды диагностикалау және сәйкестендіру, ИФТ әдісімен ротавирустық жұқпаны диагностикалау, қызылша вирусын, қызамық вирусын, А, В, С, Д гепатиттерінің спецификалық маркерлерін диагностикалау, олардың спектрін және серологиялық маркерлердің тіркелуін толық анықтайды.

Радиологиялық бақылау зертханасының мамандары Сізге жер телімін ғимарат құрылысына бөлу кезінде дозиметриялық бақылау жүргізуге көмектеседі, сонымен қатар металл сынықтарындағы альфа-, бета-, гамма-сәулеленуінің қуаттылығын, ауыз суындағы альфа- және бета-белсенділігінің мөлшерін анықтайды, рентген сәулеленуін өлшейді. Өлшеулерді жүргізуде заманға сай экспресс-құрал-жабдығы мен құралдары қолданылады.

Үйіңіздің шатырындағы радиоқондырғылар денсаулығыңызға теріс әсер етеді деп ойлайсыз, бірақ бұл туралы нақты қалай білуге болатынын білмейсіз, немесе мүмкін Сіз – ірі ұйымның бастығысыз және қызметкерлеріңыздың жұмыс орындарындағы жарықтың жеткілікті болуына алаңдайсыз? – электр магниттік өрістер мен басқа да физикалық факторлар зертханасының мамандары Сізге жан-жақты ақпараттық кеңес беріп қана қоймай, микроклиматтан бастап электрлік магниттік өрісті өлшеуге дейін қажетті өлшеулерді жүргізеді.

Аса қауіпті жұқпалар зертханасында жоғары сезімтал, нақты, шынайы, әрі жылдам, сапалы нәтиже алуға мүмкіндік беретін экспресс әдістерінің қолдануымен листериозға, бруцеллезге, туляремияға, тырысқаққа, кене энцефалитіне зерттеулер жүргізіледі.

«Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК-ң Қарағанды облысы бойынша филиалының дезинфекциялық бөлімі Сіздің кәсіпорныңызда немесе үйіңізде қажетті қызметтер аясын толығымен жүргізеді. Енді шыбын-шіркей, бүргі, кеміргіштер, тарақандар және тағы да басқа осы сияқты зиянкестер жайлы ұмытуыңызға болады. Құрал-жабдықты, аппаратураны және құрал-саймандарды дезинфекциялық өңдеу қажет пе? – жасаймыз! Өндірістік, шаруашылық және қойма жайларында, жұмыс және оқу кабинеттерінде, бөлмелер мен кеңселерде жалпы дезинфекциялау жүргізу қажет пе? – жасаймыз! Жұмсақ жиһазға, киімге, арнайы жұмыс киіміне, матадан, жүннен және синтетикалық материалдан жасалған бұйымдарға камералық дезинфекциялық және бұқырлау өңдеу, басқа да тазарту жұмыстарын жүргізу қажет пе? – жасаймыз! Үй-жайдың ішіндегі ауаның тазалығына ерекше көңіл бөлесіз бе? – біз вентиляция жүйелерін әбден тазартып бере аламыз!

Орталық қызметінің негізгі бағыттарының бірі – өндірістік бақылау жүргізу болып табылады. Өндірістік бақылау – жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар атқаратын жұмыстар мен қызметтерді, өндіретін өнімдерді зертханалық зерттеу және сынақтан өткізуден тұратын, адам мен қоршаған ортаға қауіпсіздігі мен зиянсыздығын қамтамасыз етуге бағытталатын шаралар кешені. Демек, өндірістік бақылаудың мақсаты –объектілерде мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормаландыру жүйесінің құжаттарында белгіленген талаптардың орындалуын өзіндік бақылауды ұйымдастыру және жүргізу арқылы өнімнің, жұмыстар мен қызметтердің адам үшін қауіпсіз болуын қамтамасыз ету.

Филиал заманауи құрал-жабдықпен, соңғы буын тест-жүйелерімен, вирустар мен микроағзалар культураларының банкімен жабдықталған. Мұнда зерттеулер мен сынақтардың көптеген түрлері халықаралық стандарттар бойынша жүргізіледі. Диагностикалауды орындау сапасы Аккредиттеу аттестатымен куәландырылды. Сапаны сырттай және ішкі бақылау тәжірибесі енгізіліп, үнемі іске асырылуда.

Аккредиттеу саласын және құралдар базасын кеңейту, жаңа әдістемелерді игеру, ауруларды уақтылы зертханалық диагностикалау арқылы медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша жұмыс үнемі жүргізілуде.

Біздің орталықта Қазақстан, Ресей, АҚШ, Латвия және Корея елдерінде мамандандырылған жоғары білікті мамандар жұмыс істейді.

Бізді мына мекен-жай бойынша таба аласыздар: Қарағанды қ., Әлиханов көшесі, 2а; байланыс телефондары: 8(7212)50-75-93, 50-75-80, 50-52-41; сайттың мекен-жайы: www.nce.kz


м.ғ.к., ҚР ДСМ ҚДСК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК-ң Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Хамитов Тулеген Нұрғалиұлы