Шымкент қаласында Ұлттық сараптама орталығы мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат денсаулық сақтау, білім беру және ғылыми зерттеулер салаларында ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Меморандумға ҰСО-ның Басқарма төрағасы Ерлан Қиясов пен ОҚМА ректоры Жаннат Сейтжанова Академия базасында өткен салтанатты рәсім барысында қол қойды.
«Біз еліміздегі жетекші медициналық жоғары оқу орындарының бірімен ынтымақтастықты бастағанымызға қуаныштымыз. Бұл әріптестік денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, кадрлар даярлау сапасын арттыруға және озық технологияларды енгізуге септігін тигізеді деп сенемін», — деді Ерлан Қиясов.
Меморандумға қол қойылуы — Академия студенттері мен оқытушыларына, сондай-ақ Ұлттық сараптама орталығының мамандарына жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл серіктестік — еліміздің денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолында ғылыми әлеует пен тәжірибелік мүмкіндіктерді біріктіруге жасалған маңызды қадам.